Сәрсенбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот мәжілісінде бүгін Ибрагимов Өтембаевты жебеушілердің аты-жөнін атады



"15-ақпан күні Астанада Е.Өтембаев маған 11-ақпанда А.Сәрсенбаевпен кездесуге тиіс болған адамдардың атын атап, ештеңеден қорықпауға кеңес берді. Беттестіруден кейін Е.Өтембаев менен өзі айтқан адамдардың атын атамауды сұрап, әлгі адамдардың екі-үш айдан кейін көмекке келетінін, бәрі де бақылау астында екенін айтты",- деп мәлімдеді Р.Ибрагимов. "Ал Өтембаевтың хатынан кейін өзімді саяси қитұрқылықтардың құрбанына айналдырғалы отырғанын ұқтым. Өтембаевты қанатының астына алған адамдардың аты-жөнін жасырудың мәнісін көрмей тұрмын. Өйткені, болған жағдай туралы тіс жармаған жағдайда менің өз өміріме қауіп төніп тұрғандықтан, ол адамдардың атын атап бермекшімін. Олар - сенат төрағасы Н.Әбіқаев пен ҚР ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Н.Дүтбаев",- деп мәлімдеді Р.Ибрагимов.

"Ержан Әбілхайырұлы қорқып отыр. Барлық шындықты жайып салуды Өтембаевтың ар-ұжданына тапсырамын",- деді Р.Ибрагимов.