Бұдан бұрын хабарланғанындай, шегіртке қаптап, көктем құрғақшылығы орнағаннан кейін Сарыағаш ауданында мал басын сақтап қалу мәселесі туындады. Ұлытау, Жамбыл, Базай, Бірлік сияқты төрт ауылдық округтың жағдайы ауыр.
"Бұл төрт округке ауылшаруашылық департаментінің мамандары, әкімдіктердің өкілдері, мал дәрігерлері баруы тиіс. Сіздер округтердің басшыларымен кездесіп, қандай және қанша мал сойылатынын және жайылымға қанша мал басы жіберілетінін анықтауларыңыз керек. Мұның бәрін есептеп, тапсырманы бүгіннен бастап орындау керек", -деді И. Әбішев.
Облыс әкімшілігінің пікірінше, көрші аудандар Сарыағаш аудан тұрғындарының малдарын сақтап қалуға қол ұшын берулері керек. Болжам бойынша көрші төрт аудан жайылымдарды бөліп беруге тиіс.
Мысалы, Шардара ауданы үлкен көмек көрсетуге қауқары бар. Онда 287 мың гектар жайылым бар болса, оның тек 100 мыңы ғана пайдаланылып отыр. Басқа аудандардың бос шабындықтары саналуы тиіс.
"Әрбір ауыл, аудан әкімшілігі барлық жерлерді санап, тіркеуге алулары керек. Егер жыл сайын біздегі жер телімдері тек қағазда көрсетіліп отырған болса, бұл жағдайға орай бәрі күрт өзгерді. Енді біз нақты қанша жайылым жердің барын білуіміз керек", деп мәлімдеді И. Әбішев.
Әкімнің орынбасары атап өткеніндей, Сарыағаш аудан тұрғынының үштен бірі малшаруашылығымен айналысады, сондықтан төрт түлік малды азықпен қамтамасыз ету әлеуметтік маңызы бар міндет болып отыр. Сарыағаш ауданының тұрғындар саны 220 мың адамнан асып отыр.