«Сарыағаш» шипажайының қаражатын «жеген» есепші 7,5 жылға сотталды

15 млн. теңгесін «жеген» есепші 7,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

«Сарыағаш» шипажайында бас есепшісі 2013-2014 жылдары өзінің атына берілген «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның электрондық кілтімен «Банк-Клиент» жүйесін пайдаланып, шипажайға бөлінген мемлекеттік қаржыны «Альянс-Банк» АҚ-да өз атына ашылған жеке карточкалық есепшотына ай сайын бөлшектеп аударып алып отырған. Осының нәтижесінде өзіне сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мемлекет қаржысын иемденіп алу жолымен ұрлап, мемлекетке 14 990 560 теңге залал келтірген», - делінген хабарламада.

Сарыағаш аудандық сотының 2015 жылғы 13 сәуірдегі үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 4-бөлігінің «б» тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл мерзімге материалдық-қаржылық жауаптылығы бар қызметпен айналысу құқығынан айыру, мүлкін тәркілеу, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, үкімге наразы тарап он бес тәулік ішінде апелляциялық тәртіпте шағымдануға құқылы.


Сонымен қатар, аталған шипажайдың бас дәрігерінің қаржылық мәселе бойынша тиісті түрде қадағалау жасамағаны, өз ісіне жауаптылықпен қарамағаны анықталды, сондықтан оның жауапкершілігін шешуі үшін сот облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының назарын аударуға жекеше қаулы қабылдады. Жекеше қаулыға мүддесіне қатысы бар тұлға он бес тәулік ішінде шағымдануға құқығы бар.