Сарыағашта астыртын жұмыс істеген ойынхана әшкереленді

"ОҚО полиция қызметкерлері ҚР ІІМ №6506 әскери бөлімшесінің арнайы "Бүркіт" тобының қызметкерлерімен бірлесе отырып жүргізген шұғыл іздестіру шаралары барысында Сарыағаш қаласында заңсыз жұмыс істеген ойынхананы анықтады. Ғимараттың ішінде 34 адам ұсталды, оның қатарында ойынхана иесі, қызмет көрсететін жұмысшылар және Өзбекстан Республикасының екі азаматы болды", - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, ойынхаға ғимаратын тексеру кезінде, барлық тиісті карталар мен фишкалары бар "рулетка" ойынына арналған үстелдің орнатылғаны анықталды. Жалпы онда төрт ойын үстелі болды. Ойынхана кассасынан 354 мың 600 теңге, $100 және 144 мың Өзбек Республикасының сомы тәркіленді.

Ал 39 жастағы ойынхана иесінің бөлмесінен 12 калибрі "Бекас-12 М"қаруы, "МС-38 СОМРАСТ" газ тапаншасы, 40 оғы бар 16 калибрі аңшы мылтығы табылды.

Ойынханаға келгендерді тексеру кезінде Жетісай қаласының 32 жастағы тұрғынының қалтасынан (Мақтаарал ауданы) 5 грамм марихуана есірткісі табылып тәркіленді.

Ойынхана иесінің сөздеріне қарағанда олар бір айдай жұмыс істеген.