«Сарыарқа» газ құбыры қазан айында елордаға жетеді

Бұл туралы ҚазАқпарат «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-уқат қорының қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ  басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 820 шақырымына барып қайтты. Құбыр құрылысы қазан айында аяқталады. Ахметжан Есімов құрылыс барысына оң баға беріп, құрылысты уақытылы аяқтауды, сондай-ақ газ құбырын іске қосу-жөндеу жұмыстарының өз мерзімінде бітуін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті», - делінген баспасөз хабарламада.

 
Акционерлік қоғамның ақпаратына сенсек, бүгінде құбыр құрылысының 75 пайызы атқарылған. Қарағанды мен Ақмола облыстарында дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатыр.
 
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен әкімдіктер құрылыстың құбыр желілері толық тартылып біткеннен кейін елді мекендер мен елорданы газбен жабдықтауға кіріседі», - деді «АстанаГазҚМГ» акционерлік қоғамының бас директоры Сағидулла Мақашев. «Сарыарқа» газ құбыры Қазақстанның астанасын, елдің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге арналған. Құрылыстың мердігері – «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы, операторы – «Астана Газ ҚМГ» компаниясы.


 
«Сарыарқа» газ құбыры «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан бастау алады. Негізгі құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңына қарай аяқталатын болады. 2020 жылы толықтай пайдалануға берілмек. Құбырдың жалпы ұзындығы 1061 шақырым.  Яғни, 1,7 млн. тұрғыны бар 171 елді мекенді басып өтеді.