Алғашқы минуттан-ақ допты өз бақылауында ұстаған алаң иелері, қонақтар қақпасына бірнеше қауіпті сәттер туғызып үлгерді. Сондай ұрымтал сәттің бірінде бұрыштама добынан кейін, қонақтар қақпашысы Петр Чех жарақат алып қалды. Үзілістен кейін «Атлетико» ойыншылары Марк Шварцер қорғаған қақпаны жиі нысанаға ала бастады. Ал 76-шы минутта Мадридтық клуб есеп ашатын тамаша мүмкіндік алған. Алайда Габидің айып алаң сыртынан шірене тепкен добына Шварцер тосқауыл болды. Қарымта кездесу 30-сәуір күні Лондонда өтеді. Ал бүгін біздің арнадан түнгі сағат 00:45-те «Реал» мен «Бавария» арасындағы супер матчты жіберіп алмаңыздар.
Қарағандылық хоккейшілер финалдық серияда алға шықты. Плей-оффтың үшінші матчында тюменьнің “Рубин” командасын қабылдаған “Сарыарқа” овертаймда 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Кездесуді ширақ бастаған қонақтар Денис Сандердің көмегімен алға шықты. Екінші кезеңді де сәтті бастаған “Рубин” есепті еселей түсті. Бірақ қиын жағдайда қалған “Сарыарқа” қарап қалған жоқ. Алдымен Константин Макаров таблодағы есепті 2:1 ге жеткізсе, Кирилл Лебедев таразы басын теңестіріп кетті. Тартысқа толы үшінші жиырма минуттықта есеп өзгерген жоқ. Ал овертаймның басында ойыншы санының басымдығын пайдаланған айдын иелері жеңісті тойлады. Төрт жеңіске дейін жалғасатын серияда әзірге “Сарыарқа” 2:1 есебімен алда тұр.
Аса ауыр салмақ дәрежесінде үш бірдей тұжырым бойыншы әлем чемпионы Владимир Кличко, 26- сәуір күні аустралиялық боксшы Алекс Леапаймен кездеседі. Осы матчқа орай ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатында күтпеген оқиға орын алды.
Мәслихаттың шырқын бұзған Дүниежүзілік бокс ұйымының экс-чемпионы америкалық Шеннон Бриггс болып шықты. Конференц –залға баса-көктеп кірген Бриггс, үстіндегі спорттық жейдесін Кличкоға қарай атып жіберді. Одан әрі залды басына көтерген Шеннон Бриггс, Кличконың өзімен кездесуден қашып Алекс Леапайды таңдағанына ренішін білдірді. Абырой болғанда матч алдындағы мәслихат жаға жыртысатындай жағдайға жете қойған жоқ.