Жетісу облысы Сарыөзек әскери гарнизонында 18 жастағы сарбаз қаза болды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ақпаратқа қарағанда, оқиға 14 қаңтарда болған.
«Мерзімді әскери қызметші, қатардағы жауынгер Құрманбек Дастан Маратұлы (туған күні: 04.06.2006 ж.) АК-74 қаруымен жүрек тұсына оқ атты. Сарбаз сол жерде қайтыс болды. Ол 2024 жылдың 19 қазанында Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскерге алынған», - делінген хабарламада.
Сарыөзек әскери гарнизоны аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Гарнизонның хабарламасын Ulysmedia жариялады.
"Әскери-далалық оқу-жаттығулар кезінде әскерге шақырылған сарбаз атыс қаруын қолдану ережесін бұзып, төс сүйегінен жарақат алды. Қылмыстық іс қозғалды. Себептері анықталып, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР құрлық әскерінің бас қолбасшысы басқаратын арнайы комиссия құрылды", - деп жазылған хабарламада.
Әлеуметтік желіде тараған видеода марқұмның анасы ұлының әскердегі жағдайын айтып, күйініп жылаған. Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысты көңіл айтуға келген әскери қызметкерлерді сұрақ астына алды.
"Неге сендер қарамағансыңдар? Неге онымен психолог жұмыс істеді деп өтірік айтасыңдар? Баламмен сұрағанмын, ешкім жұмыс жасамады деп айтты. Бір рет қана сөйлескен. Жұмыс жасамағансыңдар. Неге баламды үш күн қатарынан нарядқа тұрғыздыңдар? Каска ұлымның миын қысып қалған. Өзі аяқ-қолдарым сіресіп қалды деп айтты. Неге министрлікке өтірік ақпарат бересіңдер" - деп жылап күйінеді деп жазды Азаттық.
Видеода марқұмның туыстары қаза болған сарбазбе бұған дейін сөйлескен кезде "бұл жаққа қалай шыдайсың, тоқпақтап ұрады" деп айтқанын жеткізді. Ал видеодағы әскерилер мұны жоққа шығарды.
Қорғаныс министрлігі әзірге ақпаратқа түсініктеме бермеді.