Сәтбаевты бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 23 шілде күні кешкі сағат тоғызда Сәтбаев қаласында ішкі істер басқармасына бес жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз түскен.
Дереу іздестіру нәтижесінде бүлдіршін қаладағы үйлердің бірінен табылған."Жас қызды зорлады деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Бірақ бірнеше адам күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты", -деді Тұрғымбаев брифингте.
Тәртіпсіздікке жол бермеу үшін қосымша полиция күштері тартылып, жағдай бақылауға алынған.
"Бұл оқиға бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жалғасуда", - деді ол.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің екі бабы – бүлдіршінді ұрлау және зорлау бойынша айып тағылып отыр.
Министр қазіргі таңда Сәтбаевта жағдай тұрақталып, бақылауға алынғанын айтты.