"Сатқындық, мұң, қуаныш": Айгүл Иманбаева Әбдіхалықов жайлы кітап жазбақ

Әмбебап әртіс, енді өткен-кеткен өмірін бір кітапқа арқау етпек. Бикештің автобиографиясында, «алғашқы махаббаты» туралы тарауы – тың қолжазбасының тұздығы болмақ.

Бұл туралы НТК арнасының "Ревю" бағдарламасы хабарлайды.

Айгүл, осы күнге дейін сан сүрінгенімен, құламады! Ең бастысы қарапайым қыздың жігері ешқашан жаншылған жоқ. Өнер иесі көрген-түйгенін әлеуметтік желіде жарияламай-ақ, оңашада қағазға түсіруді әдетке айналдырған. Әншінің қос күнделігі бар екен. Алғашқысы жеке өмірінен сыр шертсе, екінші қолжазбасы – қоғамдағы өзекті тақырыптарды тілге тиек еткен. Ендігі мақсаты – жүріп өткен жолын бір кітапқа сыйдыру.

Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

-Бәрі бар. Сатқындық, мұң, қуаныш, жас... Ол менің балалық шағым, ол менің отбасылық жағдайым, ол менің өмірге келгенім... Ең алғашқы пәтер алған кезім, ең алғашқы көлік алған кезім.

Сондай-ақ, жанына жақын әріптестерінің – өзі куә болған жабыққан сәттері мен қуанышты күндерін де кітабына енгізбек.

Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

-Мәдинаның (Сәдуақасова - ред) тұрмысқа шыққандағы кезі. Осыдан 5 жыл бұрын. Соны оқып отырмын өткенде.

Қырықтан астан келіншектің көргені көп. Дәл қазір көзқуанышы болған жалғыз ұлы жайлы тарауды өндіріп жазып жатса керек.


Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

-Әзірге баламның тақырыбына енді келдім. Ары қарай жалғаса береді.

Иә, баласы қаламына арқау болғанда, оның әкесі жайлы да әңгіме қозғалуы заңдылық. Иманбаеваның тың туындысында – әншінің Сәбит Әбіхалықовпен өмір мен өнер жолындағы таныстығы және жанұялық ғұмыры толықтай қамтылмақ екен.

Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

-Мен өз-өзімді алдамайтын адаммын. Сол себепті елді де алдамаймын. Не жаздым, соны шығарамын. Өйткені ол менің жолым, менің өмірім. Менің әнім, менің жырым. Қабылдасаңыз қабылдаңыз, қабылдамасаңыз қабылдамаңыз болады.

Жұлдыздардың жеке өміріндегі беймәлім оқиғаларға, бүгінгі оқырманның қызығушылығы артып тұрғандай. Тағдырын бүтін бір кітапқа айналдырған Баян Алагөзова, Ләйлә Сұлтанқызы сынды танымалдардың сұраныстағы автобиографиясын сөрелерден бүгінде табу қиын.