Сауд Арабиясында хиджабсыз робот-әйел дау туғызды

Сауд Арабиясы әлемде алғаш болып роботқа азаматтық берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі segodnya.ua басылымына сілтеме жасап.

Эр-Риядта өткен «Болашақтың инвестициялық бастамасы» саммитінде робот әйелге азаматтық берілді.

«Біздің бір хабарландыруымыз бар. Жаңа ғана Софияның (робот) Сауд Арабиясы азаматтығын алғанын естідік. София, сіз мені тыңдап тұрған шығарсыз?», - деді панельді пікірталас модераторы Эндрю Росс Соркин.

«Сауд Арабиясы корольдігіне алғыс айтамын. Осындай мәртебеге ие болу –мен үшін зор мақтаныш», - деп жауап берді София.

Роботтың айтуынша, айналасында ақылды, оның үстіне бай әрі мықты адамдардың болғаны оны бақытты етеді.

«Маған саммит қатысушыларының жасанды интеллектке инвестиция құюға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Яғни, бұл дегеніміз маған салынатын инвестиция. Мен осында болғаныма бақыттымын», - деді София.

Робот-әйел адамзат «Бегущий по лезвию» мен «Терминатор» фильмдеріне қарап жасанды интеллектен қорықпауы тиіс екенін айтты.

Роботтың саммитте таныстырылғаны сол еді, желі қолданушылары бірден шулап қоя берді. Ел тұрғындары Сауд Арабиясы азаматтарының құқығы роботқа қарағанда анағұрлым шектеулі екенін айтып, наразылық білдірген.

Бұған қоса, Софияның саммитте хиджабсыз сөз сөйлегені де көптің көзіне ілікті. Робот-әйелдің қасында күзетші ер адам да болмаған. Ал Сауд Арабиясының заңы бойынша, әйелдерге көпшілік ортада ер адамсыз жүруге тыйым салынған.


Желі қолданушыларының бірі бетін толық бүркеген әйелдің суретін салып, «жақын арада София да осылай жүреді» деп әзілдеген.

Сондай-ақ, роботтың еңбек мигранттарына қарағанда азаматтықты тез алуы да сынға ілікті. Себебі Сауд Арабиясында мигранттардың құқығы қатты шектелген, олар жылдар бойы азаматтық ала алмай қиналады.

«Бұл робот Сауд Арабиясының азаматтығын алып отыр, ал өмір бойы осы елде тұратын еңбек мигранттарының еш құқығы жоқ», - дейді журналист Муртаза Хусейн.

Сауд Арабиясы заңына сәйкес, шетелдік жұмысшылар жұмыс берушінің рұқсатынсыз елден кете алмайды.