"Сауда саясатын дамыту орталығы" мен "Қазақстан табиғат пайдаланушыларының тұрақты даму қауымдастығы" экологиялық стандарттар құрудағы зерттеу жұмыстары туралы келісімге қол қойды

Баспасөз қызметі хабарлағандай, кеше Астанада Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің жанындағы "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ президенті Жәнібек Ысқақов және "Қазақстан табиғат пайдаланушыларының тұрақты даму қауымдастығы" ЗТБ өкілетті өкілі М. Рудь "Қоршаған ортаны қорғау саясатын Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерімен сәйкестендіру мақсатында қоршаған ортаны қорғау саясатын дамыту жағдайын сараптау және ұсыныстар енгізу" тақырыбы бойынша біріккен зерттеу жұмысы туралы келісімге қол қойды.

Аталмыш жоба негізінде Қазақстанда қолданылатын экономикалық механизмдердің халықаралық тәжірибеде пайдаланылатын Дүниежүзілік сауда ұйымының басты ережелері мен қағидаларына сәйкестілігін сараптау жатыр, деп атап көрсетті Жәнібек Ысқақов. Сонымен қатар, жоба аясында "Сауда саясатын дамыту орталығының" сарапшылары неғұрлым тиімді өндірістік және экологиялық нәтижеге қол жеткізу мақсатында жаңа технологияға инвестиция салуға демеу болу үшін заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлемек.

Зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесе отырып Индустрия және сауда министрлігі жариялайды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Шетел инвесторлары кеңесінің 18-ші отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылға дейін Қазақстан Республикасында қоғамның тұрақты дамуы үшін негіз болып табылатын басты экологиялық стандарттарды құру міндетін қойған болатын.