«Адем» сауда үйінде тілсіз жау түнде басталған. Кешкісін қаннен-қаперсіз үйді-үйге тараған саудагерлер өрт сөндірушілермен бірге алып-ұшып қайта жетіпті сол кезде. Бірақ қисапсыз құтқарушы келгенімен, күш алған қызыл жалын 25 мың шаршы метр аумақты шарпып үлгерген.
-Дым қалмады ғой. О,тоба!
Күш алған тілсіз жаумен 400-дей өрт сөндіруші таңға дейін алысқан. Ал ғимарат ішіндегі миллиондардың тауары түгел күлге айналды. Мыңдаған адам нәпақасынан айырылып, қарызға белшеден батып отыр. Бұған дейін «Адемге» жақын орнақасқан атышулы Барахолка базарлары да отқа оранғанда сатушалыр әдейі өртелген деп шулап еді. Мынау да аяқ астынан келген жоқ деп ашулы жұрт.
-Бірінші қабатқа бензин құйылды деген сөздер шығып жатыр. Ол расымен солай, өрт сөндірушілер жұмыс істеген жоқ.
Таң атысымен бұл маңай саябырсығандай. Түнгі қапылыстың табы да білінбейді. Тек саудагерлер іштегі тауарларының қандай жағдайда екенін біле алмай басы қатуда.
Айсара Қадырова, саудагер:
-Мен жазғы тауардың өзін екі күн бұрын 8 миллионға алдым. Оны бізге ешкім қайтарып бермейді. Оны бізге ешкім бермейді де. Өйткені құжаттың бәрі бутиктің ішінде болатын. Ол жанып кетті.
Ал құтқарушылар сауда орындарын қоғадай жапырған қызыл жалынды ауыздықтауға жел кедергі келтірді дейді. Оның үстіне ғимараттың өртке қарсы дабыл қондырғылары істен шыққан. Сондықтан хабар кеш жеткен көрінеді.
-Қазір алапат өрт ауыздықталғанымен ғимаратты толықтай шарпыған қызыл жалынның түтіні әлі де шығып жатыр. Сауда орындарында өрт сөндірушілер қызмет қылуда. Ал, шығынға баттық деп шырылдаған саудагерлерге онда кіруге рұқсат жоқ. Айнала түгел қоршауға алынған.
Ал түстен кейін төбе көрсеткен Жетісу ауданының әкімі ашуға мінген саудагерлерді сабырға шақырмақ болды. Айтуынша қылмыстық іс қозғалған, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Кінәлілер табылса, шығынды да өтеп береді деді әкім. Бірақ жұрт тағы да өрт бола ма деген үреймен жүр.
Қайрат Разақов, Жетісу ауданының әкімі:
- Мен сізге Құдай емеспін ғой. Түнімен кезекшілер тұрады. Өрт сөндірушілер тұрады. Бәрін қарайды.
Десе де, бірдеңе шығама деген үмітпен саудагерлер жаппай арыз жазып өткізіп жатыр. Шығын көлемі мен өрттің шығу себебі анықталуда. Негізі, Төтенше жағдайлар қызметі 2012 жылы мұнда өрт қауіпсіздігіне қатысты 11 талаптың бұзылғанын ескертіпті. Кейін бизнес нысаны мораторийге байланысты тексерілмеген екен.
Loading...