Бұл туралы «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ туризм департаментінің директоры Ален Шайжүнісов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде бойтұмарлар қызу талқыланды. Бұл бойтұмарлар 2014 жылы байқау арқылы іріктеліп алынған болатын. Байқау үш кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша комиссия жеті жұмысты іріктеп алды. Одан кейін жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша үздік үштік анықталды. Бойтұмарларды таңдауға 20 мыңнан астам адам дауыс берген. Олардың ішінде ең көп дауысты Тәңір және бөрі» (3705 дауыс), «Күнсұлу, бөбек және ұлан» (3 198 дауыс), «Күнсұлу, Дауылхан, Толқынай» (3 019 дауыс) жинаған. Конкурсқа 80-нан астам жұмыс келіп түскен. Жобаларын тапсырғандардың қатарында Бразилия, Мексика, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Германич, Швейцарич, Ұлыбритания, Испания, Үндістан, Украина, Румыния, Индонезия, Қазақстан, Украина елдерінің өкілдері бар.
Ален Шайжүнісов неліктен дауыс берудің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен жұмыстар емес, «Сәуле», «Мөлдір», «Қуат» таңдалғанын түсіндірді.
«Ондай байқау өтті. Алайда жалпыхалықтың дауыс беруі бойынша жеңіске жеткен компания өз өтініші бойынша кейіннен конкурстан шығып кетті. Сол себепті конкурс нәтижесі жойылды. Авторлық құқық дегенді білесіздер. Сондықтан компания өз өтініштерін қайтарып алғандықтан бұл бойтұмарларды қолдана алмаймыз», – дейді ол.
«Сәуле», «Мөлдір», «Қуат» байқауға қатыспаған. Бірақ ресми түрде бойтұмар ретінде үшеуі таңдалып алынды. Компания өкілі бұл жөнінде пікір білдіргісі келмеді.
«Бұл бойтұмарлардың өз мағынасы бар. Мәселен, Сәуле (сол жақтағы) адамдарды шуағымен жылытатын күн энергиясын бейнелейді. Ал Қуат (ортасындағы) жасыл энергияны сипаттайды. Яғни жердің күшін, табиғаттың кереметтілігін паш етіп тұр. Мөлдір (оң жақтағы) су энергиясын бейнелейді», – дейді Ален Шайжүнісов.
«Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясы халықтың сынын ескеріп отыр. Сондықтан аталған маскоттарды қайта жөндеуден өткізбек. Әйтпесе, суреттегі бойтұмарлар мен көшеде тұрған маскоттардың айырмашылығы өте көп.