Сәулемен емдеу палаталары тағы алты қалада ашылады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-министр Астанадағы ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусымен танысып шықты. Онда жоғары технологиялық ем түрлері жасалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде орталықта жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел ота жасау, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау сынды ем-шаралар жүзеге асырылады.

Олжас Бектенов Астанадағы ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусымен танысты

© Photo : Пресс-служба правительства Казахстана

Ал радиациялық технологиялар орталығында обыр ауруын диагностикалауға және емдеуге арналған радиофармпрепараттардың өндірісі жолға қойылған. Бұдан бөлек, радионуклидтік терапия бөлімшесінде қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеу үшін йод-131 негізіндегі препарат қолданылады. Биыл бес айда 80 адам емделді.

"Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың радиофармпрепараттарды пайдалана отырып емделу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін 6 өңірлік орталықты біріктіріп желі құру жұмыстарын жүргізуде. "Сәулемен емдеуге арналған" осындай қосымша палаталар Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында ашылады", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, пациенттерге барлық онкологиялық көмек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясында ақысыз көрсетіледі. Ол үшін бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайды.