Аталған сұраққа саясаттанушы Асхат Қасенғали Нартай Аралбайұлының сұхбатында жауап берді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды.
«Менің ойымша бұл бір жағынан сигнал, екінші жағынан бұл сақтық шарасы. Неге? Өтйкені Ресей бұл парадтың өткенін қалайды. «Неге Қазақстан парад өткізбейді? Олар бізге түсіндірсін! Неге Қырғызстан парад өткізбейді? Олар да түсіндірсін! Неге басқа мемлекеттер парад өткізбейді?» деп ресейлік саясаткерлер қазір ауызынан түкіріктей шашырап, кеңірдектері қиылып кететіндей эмоцияларын көрсетіп жатыр»- деді саясаттанушы.
Оның айтуы бойынша, біріншіден биылғы парад болатын болса, ол басқа парадтарға қарағанда провокациялық немесе араңдатушылық іс-қимылдар көп болуы әбден мүмкін. Себебі, ол Украина мен Ресей арасындағы соғыс, «Z» белгісі, Георгий лентасы бар. Және бұл белгілер біздің қоғамға қатысты. Өзіңіз көріп отырғандай, әлеуметтік желілерде әділетті наразылықтарын халық білдіріп жатыр. Ал осының барлығы ертең үлкен алаңда кездесетін болса, қандай да бір қақтығыстар болуы мүмкін. Сақтық шаралар ретінде деген осы.
«Екінші жағынан, біз қашанға дейін әскери парадты немесе жеңіс күнін Ресейлік көзқарас бойынша атап өтеміз? Қашанға дейін ресейлік пропаганда ретінде көрсетеміз? Ия, Қазақстанның Кеңес-герман соғыс кезінде қосқан үлесі өте жоғары. Ресейдің үлесінен аз емес. Адами тұрғысынан шығындар, тыңдағы еңбек, астық, азық-түлік және т.б. қосқан үлесі өте көп. Оның барлығын ұмытуға болмайды, бірақ бұны ресейлік көзқараспен емес, қазақстандық көзқараспен тойлау керек деп ойлаймын»- деп сұхбатты жалғастырды.
Мысалы, ресейлік көзқарас деген не? Бессмертный полк деген мәселе бар. Біздің қоғам соңғы жылдары оған наразылығын білдіріп келе жатыр. Наразылық білдірушілердің арасында мен де бармын, оны жасырмаймын. Датасына қарасақ, бессмертный полк 2014 жылы пайды болды. Ал 2014 жылы не болды? Украинада соғыс басталды»,- деді саясаттанушы.
«Бірақ екеуінің арасында қандай да бір байланыс бар деп айту қиын шығар. Алайда бессмертный полк соңғы жылдары пайда болды. Кремль ойлап тапқан саяси бір акция, саяси технология, идеология. Оның басты идеясы – екінші дүниежүзілік соғыс арқылы қоғамды біріктіру, бірақ сол қоғамның көзқарасын Путиндік, ресейлік идеологияның маңайына топтастыру. Сондықтан, өз басым, ондай акцияларға қарсымын», - деді Асхат Қасенғали.
Ал Қазақстанның әскери парадты өткізуіне тыйым салу өте дұрыс шешім .Одан да оған кететін қаржыны қорғаныс саласының басқа бір жыртығын жамауға жіберген дұрыс екенін айтты.