"Қарусыздану үрдісінің белсенді қатысушысы бола тұрып Қазақстан осы саладағы нақты нәтижелердің жоқтығын өкінішпен атап өтуге мәжбүр. Соңғы онжылдықтағы Конференция жұмысы іс жүзінде тұралап қалды. Ядролық қарусыздану үрдісінің стагнациясы байқалып отыр. Консенсус пен саяси ерік-жігер болмағандықтан халықаралық қауымдастық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселесін шеше алмады", - деп мәлімдеді ҚР сыртқы істер министрі.
Бірінші кезекте, бұл ядролық қаруды таратпаудың басты құралы - Ядролық қаруды таратпау келісіміне қатысты, деп есептейді М. Тәжин. "Келісім ядролық қарудың "сусып" кетуіне және жаңа іс жүзіндегі ядролық мемлекеттердің пайда болуына тосқауыл бола алмады. Ядролық материалдардың лаңкестер қолына түсу қаупі ұлғайды. Ядролық державалар қабылдаған өздерінің арсеналдарын қысқарту бойынша міндеттемелердің шын мәнінде орындалғанын байқағанымыз жоқ", - деп түсіндірді министр.
М. Тәжиннің айтуынша, Ядролық қаруды таратпау келісімнің негізіне бекітілген теңсіздік ядролық державалардың қарусыздану бойынша міндеттемелерді орындауды қажет деп таппауына алып келді. "Бұның барлығы құрылымға қарсы көңіл-күйдің, дүниежүзінің кейбір аймақтарында Ядролық қаруды таратпау келісімінің әділетсіздігіне деген сезімнің пайда болуына соқтырды. Ең сорақысы, жаппай қырып-жою қаруын иеленуге ұмтылатын мемлекеттерде айтарлықтай дұрыс себептер пайда болып отыр", - деп атап көрсетті ол.
ҚР сыртқы істер министрі БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші Сессиясында Қазақстан президенті өзгелерге үлгі бола отырып, ядролық державаларды ядролық қарудан еркін әлемге ұмтылуға, сондай-ақ, Ядролық қаруды таратпау келісімінің тиімділігін қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту шараларын қабылдауға шақырғанын еске салды.
"Ядролық қаруды таратпау келісімінің шеңберінен тысқары әрекет ететін ядролық қаруға ие мемлекеттерге тиімді әсер ету механизмін жасап шығару және болашақта осы келісімнен шығуға әрекет жасайтын елдерге ықпал ету құралдарын қарастыру қажет" - деп атап көрсетті министр.