Атап айтсақ, саяси нәубет құрбандарына арналған ескерткіш пен Мағжан Жұмабаевтың құрметіне тұрғызылған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады. Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен діни конфессиялар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуге белсене атсалыспақшы. Осы оқиғаға орай жергілікті соборлар, мешіттер мен шіркеулерде нәубет құрбандарының рухына бағышталып құран, дұғалар оқылып, қуғын-сүргін құрбандарына қонақасы беріледі.
Бүгінде Петропавлда саяси нәубет құрбаны деп танылған 623 адам тұрады. Биылғы жылдың 1-тоқсанында олардың арасынан 26 адам тұрғын үй жәрдемақысына ие болды. Ал зейнетақы мөлшері 6433 теңгеден аспайтын адамдар саяжай учаскелеріне дейін қоғамдық көлікпен тегін қатынау құқығына ие болса, 1-ші және 2-топтағы мүгедектердің есепшотына қаладағы қоғамдық көліктермен жүріп-тұруына арналған әлеуметтік көмек қаржысы тоқсан сайын аударылып отырады.
"Видергебург" неміс қоғамдық орталығы да саяси қуғын-сүргін құрбандарына ауқымды көмек көрсетіп келеді. Бұл ұйымда аталмыш санатқа енген 215 адам тіркеуде тұр. Орталық оларға материалдық көмектер көрсетіп, кәсіби дәрігерлік көмек алуға септігін тигізумен бірге мүгедектерге арналған арбалар сатып алуға жәрдемдесуде.