«Бүгін Баймағанбетов Қарағанды облысына ауыстырылды. Ол құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері мен судьяларын ұстайтын түзету мекемесіне жіберілді. Баймағамбетов сол жерде жазасын өтейді», - деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметінен.
Осыған дейін хабарланғандай, Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы С.Баймағанбетов аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпты деп танылып, 10 жылға қатаң режимдегі түзету мекемесінде жазасын өтейді деп шешілген болатын. Оның мүлкі тәркіленді. Оның жазасына қосымша сот С.Баймағанбетовті жеті жыл бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды.
Еске сала кетейік, С.Баймағанбетов облыстық кедендік бақылау департаменті бастығы орынбасарының лауазымына тағайындау және қамқорлық жасау үшін 80 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталған болатын.
2012 жылдың 3 ақпанында С.Баймағанбетовке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 5 ақпан күні Астана қаласының Сарыарқа сотының шешімімен ол қамауға алынды.