Естеріңізде болса, қайғылы оқиғаға тура бір апта уақыт өтті, деп хабарлайды Caravan.kz. медие порталы.
Каспийде суға кеткен 12 сарбаздың бірі - офицер Мұхтарұлы Олжас болған. Марқұмның жақындарының бірі ол жайлы жантебірентерлік жазба арнады.
"Мұхтарұлы Олжастың бала күнгі арманы — әскери қызмет атқару болатын…
Түркістан облысының тумасы Олжас Ресейде осы сала бойынша 8 жыл білім алып, оқуын аяқтап, елге оралған. Ақтауға келгеніне небәрі бір ай ғана болыпты. «Енді жұмыс істеймін» деп, бала күнгі арманын жүзеге асыруға асыққан жас азамат еді. Мектепті үздік бітіріп, арманды мақсатқа айналдырған.
Олжас 2003 жылғы 9 қаңтарда дүниеге келген. Осындай жап-жас, білімді, тәрбиелі, елге қызмет етуді армандаған азаматтың қыршын кеткені өте ауыр… Арманына енді ғана қол жеткізгелі тұрған еді… Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ата-анасына Алла сабыр берсін", - деп жазды ол.
Көпшілік сарбаздар өліміне әлі де қайғыра көңіл айтып, трагедияны ауыр қабылдағандарын жеткізіп жатыр.