Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 16-тамызда Арал аудандық ауруханасында Шөміш станциясының тұрғыны- 4 жасар қыз бүрге шағу салдарынан оба жұқтырып қайтыс болған. Қызға қойылған "оба" диагнозы зертханадағы серологиялық және бактериологиялық зерттеулер нәтижесінде дәлелденді.
Ауру ошағында облыстық мемлекеттік санэпидбақылау басқармасының , облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Арал обаға қарсы күрес станциясының, аудандық медициналық мекемелердің өкілдері жұмыс істеуде. Карантиндік және жұқпалы індеттер жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты мен Республикалық санэпидстанциясының мамандары кеңесші ретінде жолданды. Жұқпалы ауруға қарсы шараларға 70-тен астам маман жұмылдырылды.
21-тамыздағы жағдаймен дәрігерлер 317 станция тұрғынының 219-ын дәрігерлік байқаудан өткізді. Олардың барлығынан да індет белгілері табылған жоқ. Оба індетін таратушы көздерге саналатын кеміргіштер мен насекомдармен күреске бағытталған дератизациялық және дезинсекциялық шаралар мен қора-жайларды жаппай аралау амалдары одан әрі жалғасуда. Елді мекен аумағында 7,25 мың шаршы шақырым, ауыл айналасында 350 гектар жер оба індетіне қарсы уланды. 3 гектар алқаптағы құмдақтар жойылды.
Індетке қарсы шаралар Арал қаласында да жүргізілуде. Дәрігерлер 24,4 мың тұрғыны бар 6,3 мың шаруашылықты аралап шықты. Обаға қарсы күрес штабы қатты қалдықтарды жою жұмысын жүзеге асырды.
Тазалық-індет станциясының мамандары тұрғындар арасында обаның алдын алуға қатысты ақыл-кеңестер беріп, дәрістер оқуда. Жергілікті радио желісі арқылы 11 радиодәріс оқылып, 6 мыңнан астам жеке әңгімелер өткізілді.
Обадан қайтыс болған қызбен қарым-қатынаста болуға байланысты ауруханаға жатқызылған 7 адамға дәрігерлік бақылау одан әрі жалғасуда. Олардан ауру белгісі анықталған жоқ.