Сейсмология институты директоры соңғы жер сілкіністері туралы түсіндірме берді

Қарашаның 13-іне қараған түні Иранның батысында аса ірі зілзала болды. Табиғи апаттың салдарынан қаза болғандар саны қазір 160-тен асты. Құрбандар саны көбейе түсуі мүмкін. ВВС News жер сілкінісі тұрғындарды қатты шошытқанын, адамдар үйлерінен қашып шыққанын хабарлайды. Кей мәліметтер бойынша6 бұл елде 70 мыңға жуық адам баспанасыз қалды.

Бұл зілзаланың артынша әлемнің басқа да аймақтарында – Оңтүстік Америкада, Жапонияда және Қазақстанның Қостанай облысында жер сілкінісі сезілді.

Қостанайда жер сілкінуі қаншалық қалыпты құбылыс? Соңғы тәулікте жер сілкінісі көптеп тіркелуі нені білдіреді? Қазақстан сейсмология институтының директоры Әнуар Боранбаев Baq.kz ақпарат агенттігіне түсіндірме берген еді.

«Жапонияда, Коста-Рикада және Қазақстанда жер сілкінуі ерекше құбылыс емес. Біздегі мәліметтербойынша, соңғы бірнеше күндегі дүмпулер саны одан әлдеқайда көп. Және бұл қалыпты жағдай. Біз олардың барлығы туралы айта бермейміз. Өйткені, мәселенің этикалық жағы бар» дейді ол.

Сонымен қатар Боранбаев Жер шарының осы ғасырда сейсмологиялық белсенділік кезеңіне кіргенін айтады.


«Түрлі бүлінулерге, адамдардың зардап шегуіне апарып соққан ірі зілзалалар туралы айтсақ, ХХ ғасырда әлемде ондай 26 оқиға болды. Ал XXI ғасырда олардың саны 15-ке жетіп үлгерді. Яғни, өткен ғасырда болған күшті жер сілкіністері санының жартысынан асып кетті. Олардың қатарында биыл сәуірде Зайсанда болған жер сілкінісі де бар» дейді Әнуар Боранбаев.

Ал Қостанай облысындағы жер асты дүмпуіне келсек, еліміздің бұл аймағы да түрлі зілзалалардың ықпалын сезінеді.

«Қостанай облысы үшін 2 баллға дейін жер сілкінуі – қалыпты жағдай» дейді Сейсмология институты директоры.