«Селтик» «Шахтерді» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өткізген жоқ

Алаңға шыға салысымен "Селтик" ойыншылары бар күшімен шабуыл жасай бастады. Дегенмен сәтті қорғана білген қарағандылық команда алғашқы минутта-ақ екі доптың қақпаға кірмеуінің әрекетін жасады.

Топтық кезеңге шығу үшін Шахтерге тең ойын немесе бір доп айырмасымен жеңілсе де жеткілікті еді. Алайда біздің аяқдопшылар бас бапкер ойлағандай ойын өрнегін көрсете алған жоқ. Ал өз алаңында жеңілуді намыс санаған Нил Леннон әрбір сәтсіздік сайын қолын сермеп, ызасын жасыра алмады. Тек бірінші кезеңнің қосымша уақытында Самарастан пас алған Коммонс Мокин қақпасынан саңылау таба алды.

Екінші тайм басталысымен-ақ, қарсылас команданың сұрмергені Самарас «Шахтер» қақпасына екінші голды салып үлгерді. Ал кельттердің үмітін сөндіруге бір ғана гол жеткілікті болғандықтан «Шахтер» ойыншылары барын салды. Бірақ өз ойынның аяқталар тұсында үшінші допты жіберіп алып, кездесуге нүкте қойылды. Қорытынды есеп 3:0.


Нил Леннон, «Селтик» ФК бас бапкері:

- Бұл менің өмірімдегі ең жақсы матч. Футболшылардың нәтижелі ойнына ризамын, бірақ қайтадан осы жағдайды бастан өткізгім келмейді. «Шахтер» алаңында жеңіліс тапқан соң, бізге көп сын айтылды. Енді жанкүйерлер сенімін ақтадық.

Ал, кеншілердің жеңілуін Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев бапкердің қателігі дегенмен байланыстырады. Ойыншы ауыстырмай, тек тактикалық өзгерістер енгізгені оған ұнамаса керек.

Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

- Ол қосымша 15 минутқа сенген. Бірақ бірінші таймда дәл қосымша уақытта доп жіберіп алдық. Бапкердің қайда қарағанын білмеймін. Қорғаныс түкке жарамады. Соққының барлығы қақпа тұсынан бағытталды.

Осылайша Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне «Селтик» жолдама алды. Ал «Шахтер» енді бағын Еуропа Лигасында сынап көрмек.