Футбол командасы үшін жанкүйерлер жанында, өз алаңында ойын өткізу әр кезде де күш беретіні анық. Дегенмен, Глазгода бұл тәсіл оларға көмек бере алады ма? Әрине! Себебі,«Селтик» өз стадионында ешкімге дес бермейтін алапат күшке айналатын бәрі біледі. Өзге стадиондарда жеңіліп, кейін өз үйінде қарсыласын талқандап тастаған кездері де аз емес.
«Астана Арена» стадионындағы үш жыл бұрынғы ойын көпшіліктің есінде болар... Ол кезде қарағандылық «Шахтер» «Селтикті» 2:0 есебімен жеңіп, айды аспанға бірақ шығарған еді. Алайда, Глазгода шабуылдаушы команда ретінде танылмаған «Селтик» қарағандылықтардың қақпасына 3 жауапсыз гол салды.
2016 жылғы ЧЛ біліктілік раундында «Селтик» ешкімге белгісіз Гибралтардың «Линкольн» клубына 0:1 есебімен жол жерген. Алайда, Глазгода 0:3 етіп, жеңіске жетті. Бірақ, еурокубокта енді ғана аяқ алып келе жатқан командаға жол беріп қойған «Селтик» футболшыларының бұрынғы қаһары сейілгенді байқауға болады. Былтырғы Чемпиондар лигасының маусымында плей-офф кезеңінен Швецияның Мальме командасы «Селтикті» жолдан тайдырды.
Осыдан соң, шотландиялық чемпион Еуропа лигасында алты матчтың бірін де жеңе алмады. Қарсыластары да соншалықты мықты деуге де келмейді. Глазгода ол «Аякс» пен «Мольдеге» бірдей есеппен 1:2 жеңіліс тапты. «Селтиктің» еурокубоктердегі аяқалысын бағамдай отырып, «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойловтың сөзімен келісуге болады: «Футболда фавориттер ғана жеңіске жете бермейді».
Еске сала кетейік, бірінші ойын 27 шілдеде Қазақстан астанасында өтті және 1:1 есебімен аяқталған болатын. Астаналықтардың жоғары белсенділігінен, үсті-үстіне жасалған қауіпті шабуылдарынан қатты сасқан «кельттер» осы есептің өзін жеңіске балады. «Селтиктің» бас бапкері Брендон Роджерс: «Астанамен» болған тең есепті бағалау қиын» деп жариялады.
«Астанаға» келетін болсақ, оның еурокубоктардағы жолы 2013 жылы басталды. Ол маусымда Еуропа лигасының біліктілік кезеңінде астаналықтар болгариялық «Ботев» клубына екі кездесудің қорытындысы бойынша, 6:0 есебімен жеңіліс тапты. Алайда екі жылдан кейін «Астана» футболшылары лиганың топтық кезеңіне өтіп, «Бенфикамен», «Галатасараймен» және «Атлетико» (Мадрид) клубтарымен тең ойнады.
«Астана» өзінің жетістіктерін қайталай алады ма? Бұл тамыздың 3-нен 4-не қараған түні белгілі болады. Матч Астана уақытымен 00:45-те басталады. Ойынды тікелей эфирде «Қазақстан» телеарнасы көрсетеді. Келесі турға өту үшін «Астанаға» жеңіс керек немесе 2:2 есебі, не одан жоғары нәтижелі тең ойын қажет.