Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды.
Жалғызтөбе ауылының бас имамы Тоқтарбаев Саяттың бастамасымен, ауыл тұрғындарының жинаған қаражатына екі ірі қара мал құрбандыққа шалынды. Нәтижесінде, әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты аналар мен мұқтаж қырық отбасыға таратылып берілді.
«Бәріміздің ниетіміз бір болып, Алланың қалауымен, ауызбіршілікпен іске асып отыр. Халқымызға төніп тұрған індеттен аман болсақ деп құрбандық шалып отырған жайымыз бар», - деп ауыл имамы елге алғысын айтты.
Құрбандыққа жиналған ақшадан артылған қаржыға баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұрған, бес баласы бар жас отбасыға пәтер алу ұйымдастырылған. Осылайша, бас имам Саят мырза ауыл тұрғындарымен бірге сауапты істі жүзеге асырды.
Үйдің құжаттары бес баланың әкесі Болат есімді азаматтың атына рәсімделген. Халық үшін жұмыс жасап, ұйымдастырушылық танытқан ауылдың бас имамына, қаржы жинаған халыққа үлкен ризашылық-алғысын білдірген бес баланың әкесінің қуанышында шек болмады.
«Үй жанға толсын, қора малға толсын» деген тілекпен пәтер кілті табыс етілді.