Науқастар саны азаймай отыр, биыл да қатерлі ісікке шалдыққандар саны әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 400 адамға дейін артуы мүмкін, дейді маман.
Б.Әлиевтің айтуынша, қатерлі ісік дерті Семей өңірінде кеңінен таралуы жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінің дерттерінен кейінгі екінші орында. Оның айтуынша, бүгінде дәл осы Шығыс Қазақстан облысында түрлі рак дертіне шалдыққандар саны ең көп тіркелген. Әсіресе Семей өңірінің Бесқарағай, Бородулиха және Абай аудандарында науқастар саны өте жоғары. Мамандар бұл жағдайды ядролық полигондағы сынақтар зардабымен тікелей байланыстырады.
Б.Әлиевтің айтуынша, қатерлі ісік дертін емдеудегі қиындықтардың бірі - науқастардың дәрігер көмегіне кеш жүгінуі болмақ. Статистикалық мәлімет бойынша, қатерлі ісік дертінен көз жұмуға түрткі болатын себептердің 70 процентін ауруханаға кеш түсу құрайды, дейді ол. Осыған байланысты қазір аймақтағы бүкіл емханаларда онкологиялық кабинеттер ашылуда.