Семей шетіндегі шұрық-тесік жолды көруге шенеунік джиппен келді

Семейдің шетіндегі Шығыс ықшамауданының тұрғындары ойқы-шойқы жолдардан әбден мезі болған. Жылы жерде отырып, жұрттың мұң-мұқтажын түсінуден қалған шенеуніктерді бүгін олар әдейі шақырды. Себебі, орталықты тап-тұйнақтай қылып қоятын әкімдік қаланың шет аймақтарына аттап баспайды. Жөндеу көрмегендіктен, мұндағы жолдар соғыс кезіндегі соқпақтарға ұқсап кеткен.   

Қадырхан Ақбаев, Семей қаласының тұрғыны:

-Жылда көретініміз осы. Жаңбыр жауса да осы, әсіресе көктем кезінде! Ана көшеден келіп су ағып, мында келеді. Ағатын жер жоқ.

Адам көргісіз жолдармен қоғамдық көлік те жүруден бас тартып, айналып өтеді екен. Бұл жығылғанға жұдырық болған. Табыс таппай, шығыннан көз ашпаған жүргізушілерге басшылығы да батып ештеңе айта алмай отыр.

Тимофей Горлов, Автобус паркінің инженері:


-Күніне бірнеше көлік сынып келеді. Бұл жермен жүру мүмкін емес. Жүргізушілерді түсінуге болады. Олар да табыстан қағылғысы келмейді.

Ал қымбат джиппен келген әкімнің орынбасары бұл жерден ашуланатындай себеп таппады. Тіпті, биыл мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмейді деп жауапты келте қайырды.

Асхат Қосжанов, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

-Биыл мұнда жөндеу жұмысын жүргізбейміз. Алдымен жобасын әзірлеу керек. Оған бізде қаражат жоқ.

-Биыл жол жөндеуге 1 млрд 200 млн теңге бөлініпті. Ол тек екі көшені толықтай жөндеп, қалғандарының шұңқырын бітеуге ғана жетеді екен. Алайда көшедегі жыртық жамалғанымен, оның тағы қанша уақытқа дейін шыдайтынын тап басып айту қиын.