Семей тұрғындары тағы жылусыз қалды

Семейде қыс биыл жылдағыдай аязды болмаса да, орталықтағы мына үйдің тұрғындары пәтерлерінде бүрсең қағып жүр. Айтуларынша, баспана ішіндегі температура 10 градустан аспаған. Азынаған суықтан мұнда тіпті адам өлімі де болыпты.

Антонина Кравченко, Семей қаласының тұрғыны: 

-Суықтан кішкентай балам жұқпалы аурумен жиі ауырады. Өзім де жақында ғана ауруханадан шықтым. Енем осы суықтан қатты ауырып, қайтыс болды.

Жылу берілмесе де, коммуналдық қызметтің түбіртектері уақтылы келіп тұрады. Оның ақысын кешіктірмей өтеп жүрген жұрт ақшамыз «ауаға кетіп жатыр» деп ашынуда. Тұрғындар мәселесін айтып, әкімдікке де шағымданыпты. Алайда, жарытып жауап ала алмаған.

Амангелді Бекішев, Семей қаласының тұрғыны:

-«КСК жұмысын атқармайды. Мына жақта задвижка ұстамайды дейді. Екі-ақ сағат жұмыс керек. Ешкімістоемейді! Ақшасын бәрін төлеп жатырмыз.»

Ал жылумен қамтушы мекеме өкілдерінің бұған өз уәжі бар. Сөздеріне сенсек, үйге жылу қалыпты берілуде. Бар кінә тұрғындардың өзінде деп, ат тондарын алып қашты.


Жұман Мусин, «Жылукоммунэнерго» мекемесі жылу инспекциясының бастығы:

-Екі тұрғын жылу құбырларын өздігінен алмастырып, ондағы су айналымын бұзған. Пәтер іші сондықтан суық. Біз бұл жерде еш нәрсе істей алмаймыз. Өздері шешуі керек.»

 -Пәтерлер жылы болуы үшін тұрғындардың бір-бірімен соттасатын түрі бар. Немесе, үйге қарасты кооператив әрекет етуі тиіс. Қалай дегенімен тез арада шара қолданбаса, мәселе ушығуы мүмкін. Себебі апта соңында ауа температурасы күрт төмендейді деген болжам бар