58 жастағы Татьяна Тимофеева, жыл басынан зейнетақы алуы тиіс болатын. Алайда қажетті құжаттарды жинап жүргенде, өзінің он жылдан бері Ресей азаматы екенін анықтаған. Енді заңгер жалдап, өзінің көрші елге еш қатысы жоқ екенін дәлелдеумен жүр.
Татьяна Тимофеева, Семей қаласының тұрғыны:
-Мен ешбір елшілікке барып, құжат тапсырып көрмегенмін, оның қай жерде орналасқанын да білмеймін. Ресейде тұру ойыма мүлде келмеген. Қазақстанда тудым, осында қаламын.
Татьяна – 4 баланың анасы, 12 немеренің әжесі. Жақындарымның барлығы осында деп азар да безер. Соңғы он жылда жолдасымен ресми түрде неке қиып, сайлауға қатысып, тіпті, Ресейдегі шипажайда демалыпты. Бір қызығы, куәлігінің жарамсыздығы туралы ол кезде ештеңе айтылмаған.Тәртіп сақшылары болса, сабырға шақыруда. Олар көрші елдегі әріптестеріне сұрау салып, жауабын күтіп жүр екен.
Елубек Оспанов, Семей қалалық ІІБ баспасөз хатшысы:
-Өскемен қаласында Ресей Федерациясының консулдығы бар. Сол консулдыққа барып, өзінің тұрған-тұрмағанын анықтау азаматтың құзырындағы нәрсе. Бірақ азаматшаның жағдайын түсініп, біз өтінішті өз тарапымыздан жібердік. Қазір тосып отырмыз.
-Тәртіп сақшыларының жайбасарлығынан жалықтым деген Татьяна Тимофеева болса, оларды сотқа бермекші. Ол үшін тиісті құжаттарды әзірлеп жүр. Осылайша, көптен армандаған зейнетақысы жақын арада қолына тиетін түрі жоқ. Себебі, көрші елден жауаптың қашан келетіні белгісіз.
Loading...