Құрамында Жапония, Ресей мен Финляндияның ғалымдары бар делегаттар ең алдымен полигонның жабылуына орай тұрғызылған монументке гүл шоқтарын қойып, қаза болғандардың рухына тағзым етті. Түйемойнақ аралындағы митингке жалпы саны 10 мыңнан астам адам қатысты. Осыдан тура 64 жыл бұрын Семей жерінде алғашқы атом бомбасы жарылған. Содан бері 500-дей сынақ жасалып, мыңдаған қазақ қырылды. 1 жарым миллион адам түрлі айықпас дертке шалдықты. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2 жарым мың есе көп. Ал 22 жыл бұрын Президент жарлығымен сынақ полигоны жабылып, 29-шы тамыз ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілген болатын.
Шуничи Ямашита, Нагасаки университетінің вице-президенті:
- Адамзат өз қолымен қауіпті бомбаны әзірлеп, ажал әкелді. Үлкен қателік жасады. Біздің мақсат, сол қателікті қайталамай, өмірді таза парақтан бастау. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген бастамасы баршаға үлгі болары хақ.