Ата-аналардың айтуынша, өткен жылдың тамыз айында "Теплокоммунэнерго" жергілікті университетпен келісіп, өздеріне өз қаржылары есебінен маман дайындауды шешкен. Содан "Жылу энергетика" факультетіне 26 түлек түскен. Содан бері 8 ай өтсе де коммуналдық кәсіпорын оқу ақысын төлемеген.
"Ата-аналардың ешқайсысы оларды күштеген емес. Университет қабырғасына жарнама жапсырған өздері. Біз оны оқыдық, заң мен байқау негізінде балаларымыз іріктелді. Үш жақты келісім жасалды. Ата-аналар, университет ректоры және "Теплокоммунэнерго" МҚК басшылығы қол қойды", - деп түсіндірді студенттердің бірінің анасы Раиса Рахымбекова.
Ата-аналардың мәліметтеріне сүйенсек, балаларды оқуға қазірдің өзінде жіберер емес. Оларды оқудан шығару жөніндегі бұйрық дайындалып жатыр.
Сондай-ақ, ата-аналармен кезекті кездесуі кезінде "Теплокоммунэнерго" МҚК директоры кәсіпорынның банкрот болғанын және сот болмайынша, қарыздарын қайтара алмайтынын хабарлаған.