Қаз- қатар сап түзеген 50 баспанаға болашағы жоқ ауылдардан көшірілген жұрт қоныстанған. Бар-жоғы қолданысқа берілгеніне үш жыл ғана болыпты. Алайда сапасы сын көтермейді дейді жұрт.
Бұл үйлердің сырты бүтін болғанымен, ішінің сиқы мынау. Қабырғалары қаусап, сылақтары сыпырылып жатыр. Ал саңылаудан суық улемеу үшін жұрт қолдан келгенше жамап- жасқап әлек.
Сәуле Ахметкәрім, Семей қаласының тұрғыны:
-Боранда қар кіріп кетеді. Қатты жауын жауса төсектің астының бәрі сел болады.
7 миллион теңгеге бағаланған жалдамалы үйге жұрт бір қыста шамамен 12 тонна көмір жағады. Бірақ одан қолқаны қабатын көк иісі кеткен емес. Екі қолға бір күрек таппай отырғандықтан, оңдырмай жағатын отынға қаражат жетпей жатыр. Сондықтан тұрғындар ауылда мал бағып отырғанымыз артық еді дейді.
Әлияш Рахымғалиева, Семей қаласының тұрғыны:
-Жұмыс берем деді. Жұмыс жоқ. Енді мұндағылар бір күн ананың көмірін түсіреді. Бір күн мынаның ағашын кіргізеді. Онымен олар қалай өмір сүреді?
Шенеуніктер шама жеткенше жұртты жұмысқа орналастырған. Дегенмен, Семейде өндіріс ошақтары аз болғандықтан бәрін жұмыспен қамту мүмкін емес. Ал жарылған үйлерге қатысты тексеріс жұмыстарын жүргізіп шешім қабылдамақ.
Абай Мүсәпіров, Семей қалалық әкімдігі шағын несие беру және қоныс аудару бөлімінің маманы:
-Осы уақытқа дейін үш үйден арыз түсті. Олардың қабырғалары шытынаумен қатар төбелері дұрыс жылыланбаған екен. Біз құрылыс бөлімінің мамандарынан комиссия жасақтадық. Қазір тексеріс жүргізіп жатырмыз.
Алаңдауға еш негіз жоқ деген шенеуніктер үйлерді өзіміз жөндеуден өткіземіз деп ант-су ішті. Ал жол мәселесі мен қоғамдық көліктің жырын келешекке қалдырып отыр.
Loading...