Семейде Ақтамберді жыраудың сауыты табылды

Тот басқан көне сауытты батыр әрі би болған Ақтамбердінің ұрпақтары бертінге дейін сақтап келген. 1920-шы жылдары Қытайға үдере көшкен оларды қызылдар өкшелей қуғанда бабадан қалған қастерлі бұйым ұшты-күйлі жоғалыпты. Кейін коммунистердің қолына түсіп, большевиктер оны мұражайға тапсырған. Содан бері талай жыл бойы белгісіз дүние ретінде шаң басып, музейде жатыпты. Көне жәдігерді көзі көрген ақсақалдар бірден танып, Ақтамбердікі екенін айтқан. Тоз-тозы шыққан сауыттың салмағы 10 келіге жуықтайды. Кей жері жыртылған. Енді батырдың жарағын мамандар арнайы зерттеп, нақты қай кездері жасалғанын анықтамақшы.


Бекен Теміров, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:

-Аягөз тұрғындарының, ақсақалдардың сөзін шындыққа қабылдаймыз. Бұл сауыт сақталғалы бірталай уақыт өткені көрініп тұр. Біз енді оған ол кісінің куәлігіне қарсы айтатын негізіміз жоқ. Сондықтан сол кісінікі болар деп есептейміз.