Семейде ауыз судан тарыққан жұрт шу шығарды

Семейдің шетіндегі Кирпичный ықшамауданының тұрғындары жылдар бойы ауыз суға жарымай келеді. Талай мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, шенеуніктер үнемі уәде беріп, шығарып салады екен.

Алексей Нуканов, Семей қаласының тұрғыны

-Қарастырып жатырмыз деді. Әкім айтқаннан кейін болады ғой деп сендік. Аллаһ Ақбар, әкім де жоқ, сайтан да жоқ, су да жоқ!

Семей шетіндегі ықшамаудан тұрғындары үшін су алтыннан да бағалы. Мұндағы 3 мың тұрғын үшін небары екі құдық қызмет көрсетеді. Оның өзіне жету үшін кей адамдар 3 шақырым жолды артқа тастайды екен. Ми батпақты кешіп өтіп, құдыққа әрең дегенде жететін жұрт бұл судың да оңып тұрғаны шамалы дейді.

Гүлнар Ахметова, Семей қаласының тұрғыны

-Үйге алып барсам, кәдімгі бензин болады ғой, сол сияқты көкпеңбек бірдеңе болды судың беті! Иіскесем, тура бензин иісі. Сосын алдым да төгіп тастадым!

Ал шенеуніктер болса, шу шығыратындай жайт жоқ деп алаңсыз отыр. Суға қол жеткізгісі келетін тұрғын мәселені өздігімен шешсін деп шорт кесті.


Жанна Шаймұратова, Семей қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Кез келген адам ақшасын төлеп, өзіне жеке су құбырын тартып алса алады. Ол үшін «Су арнасы» мекемесіне өтініш беруі керек.

 Бірақ, бұған көнейін деп тұрған бұқара жоқ.Жақын арада ауыз су тартылмаса, жаппай наразылыққа шықпақ.

Нұртаза Қабдоллин, Семей қаласының тұрғыны

-Су болмаса не істейміз... темір жолды жабамыз, не болмаса, трассаны жабамыз! Жүрмейді ешкім! Әйтеуір ешкім бізге келмейді екен!

Тұрғындар билік өкілдеріне бір ай уақыт берді. Егер мамырдың соңында су болмаса, күре жолды бөгеп тастауға бекініп отыр.