Семейде автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"Бүгін сағат 6.30-да SEMEY BUS ЖШС-ға тиесілі 104 рейстің көлігі шығу керек еді. Алайда автобус паркінің жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартқаны белгілі болды", - деді Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов.

Оның айтуынша, жүргізушілер шілде айының жалақысын толық төлеуді талап еткен. Карантин шараларына байланысты олардың айлығы жұмыс сағаттарын қысқарту түрінде төмендетілген. Олар бұған келіспей, толық төлеуді талап еткен.

Кондуктордың көбі электрон төлем жүйесі енгізілгеннен кейін қысқартылған. Бірақ кейде жүргізушілер кондуктордың жұмысын атқарады. Олар сол үшін қосымша ақы талап етті.

Жұманов SEMEY BUS ЖШС басшылығымен кездескенін және келісімге келгені туралы айтты.


"Жақын арада бар мәселе шешіледі. Жалақы, медициналық сақтандыру сұрақтары. Автопарк басшылығы мұның бәрін назарға алды. Олармен сөйлестік. Автопарк басшылығы мәселелерді шешу үшін 10 күн уақыт беруді сұрады", - деп қосты шенеунік.

Оның айтуынша, қоғамдық көлік қайта жүре бастаған.

"30 автобус жолға шықты. Әр сағат сайын автобустар қосылып жатыр", - деді ол.