Семейде балықшылар құтқарушылардың ақылын тыңдамай отыр

Семейді қақ жарған Ертіс бойында қауіпті істі ермек көретіндер жетерлік. Өзеннің осы бөлігінде ғана күніне қармақты қару еткен жүзден аса адам жиналады екен.

Тасболат Көшкінбаев, Семей қалалық судан құтқару қызметінің әдіскері:

- Мұздың үстінде балық ұстаймыз деп мұзға түсіп кеткендер бар. Ондайды болдырмау үшін, алдын ала жұмыстарды өткізіп жатырмыз.

Құтқарушылар мұз үстіндегілерді күштеп қуа алмаған соң, қауіпсіздік шаралары жазылған ескерту парақшаларын таратумен шектелуде. Бірақ балықшылардың оны елеп ескеретін түрлері жоқ.

Қайрат Саймақов, балықшы:

- Қазір мұз қалың, қауіпті түк те жоқ. Суға түсіп кетсең, ең бірінші мұздың үстіне кеудемен жатасың. Аяңдап, аяңдап шығасың.

Қауіпсіздік талаптарына сай, балықшылардың кеудесінде құтқару жилеттері, беліне байланған арқан жіп, жалпақ тақтайы болуы тиіс. Алайда, көбінің қармағы мен мұз ойғышынан өзге еш заты жоқ. Тіпті, кейбірі бұған дейін мұз астына құлаған екен. Оның өзі сабақ болмағандай.

Владимир Соломаха, балықшы :

-Жұқа мұз жарылып, астына кетіп қалдым. Саспай, ақырындап беткейге шығып алдым. Қатты тоңғаным болмаса, ауырған жоқпын. Қазір мұз қалың, қорқатын дәнеңе жоқ.

Қармақ салып отырып, қатып қалмас үшін кейбіреулері арақ ішіп, жылынады. Ащы суды да асыра сілтеп жібермеу жайлы ескертілді. Бір айтары, биыл Ертістің арнасы бұрылып, балықшылар отырған аумаққа қауіп төндіруде. Су кенет көтерілсе, мұз үстіне шатыр тіккендер қашып үлгермей қала ма деп алаңдайды құтқарушылар. 

Loading...