Семейде беталды ашылған шағын базарлар жабылуда



"Рұқсат берілмеген сауда жаймаларын жою шаралары орталық базар мен автобекет маңындағы көшелерде жүргізілді",- деп хабарлайды Семей қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Бағлан Шегедеков. "Мәселен, Аймауытов көшесінде сауда сататындардың басым бөлігінде рұқсатнама құжаттары жоқ. Бұл жерлерде киім-кешек және шаруашылық бұйымдарымен бірге азық-түлік те сатылады",- деді ол.

8 сағатқа созылған рейд барысында 40 ескерту беріліп, 10 әкімшілік айыппұл салынды.

Б.Шегедековтың пайымдауынша, осындай заңсыз жаймалардың ашылуына бірінші кезекте дүкендер мен дәріханалардың қожайындары кінәлі. "Олар өздеріне қарасты ғимараттардың жанында сауда-саттық жүргізуге рұқсат береді. Ал тәртіп бойынша бес метрлік санитарлық аймақ болуға тиіс, бұл жерлерде сауда сатуға тыйым салынады",- деді маман.

Санитарлық дәрігерлер тәртіп сақшыларымен бірлесіп осындай рейдтерді апта сайын өткізіп тұрмақшы.