Семейдегі ипподромда бүгін ерекше жарыс. Ат тақымдағандар арасындағы бәйге емес, ит жетектеген каникросс сайысы. Шартқа сәйкес, қатысушы мен оның иті өзара жіппен байланып, бірге жүгіруі керек.
Давид Ряшин, жарыстың бас төрешісі:
-Ит қожайынының алдында жүгіріп, тартады. Артында келе жатқан адам мертікпес үшін қалыспауы керек. Осылайша, жануардың да, қожайынның да спорттық дайындығы сыналады.
Цезарь есімді доберман өзінің бұрынғы қожайынын талап, иесі бұл иттен бас тартқан екен. Эдуард Омаров оны өзіне алып, біраз уақыт қолға үйретіпті. Адамға шабуын тыйдырған азамат итін сайыстарға сайлап жүр.
Эдуард Омаров, жарысқа қатысушы:
-Біз жарысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Доберман өте жүйрік. Одан қалыспауға тырысамын. Жеңіске жетеміз деп үміттенемін.
Семейде алғаш ұйымдастырылған жарысқа Өскемен мен Зыряннан да итбегілер келген. Мұнда кішкентай таксадан бастап, неміс овчаркасына дейін бар.
-Каникросс ережесі бойынша,ит пен оның қожайыны 3 шақырымға жүгіруі керек. Жарысқа қатысушылардың басым көпшілігі сайысқа бірінші рет түскендіктен, қашықтық екі есеге қысқартылған. Алайда 1,5 шақырымға жүгірудің өзі кейбіріне қиынға соғып жатыр.
Кей иттерді қожайындарының өздері сүйреумен болды. Ал жүгіруде алдына жан салмайтын төртаяқтылардың қарқынына ілесе алмағандары оңбай құлап жатты.
Нәтижесінде ерлер арасында Өскеменнен сайысқа түскен «Степан» есімді неміс овчаркасы қожайынымен бірге бас жүлдені еншіледі. Ал ит жетектеген бикештер арасында «Хасан» атты хаски үздік шықты. Төртаяқтыларға сый ретінде арнайы тағамдар берілсе, қожайындары кубоктармен марапатталды.
Loading...