Семейде көше атаулары қазақшаланып жатыр

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.  

Семейде көше атауларын қазақыландару мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Жалпы қалада 1042 көше бар. Соның тек 382-сі ғана мемлекеттік тілде. Республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен бұған дейін Ленин көшесі - Мәңгілік Ел, Полковничий аралы - Бейбітшілік аралы, Интернациональный көшесі - Қайым Мұхамедханов, Дальняя - Закария Белібаев көшесі болып өзгерген-ді. Енді идеологиялық тұрғыдан ескірген тағы 10 көшенің атауын өзгерту бойынша қоғамдық кеңестің жиыны өтті.

«Көшелер ел дамуына зор  үлес қосқан азаматтардың атымен аталса, ол да болашаққа деген бағдарымыздың бірден-бір көрінісі боп есептеледі»,-дейді жиында сөз алғандар.

«Комсомольская көшесін - Жібек Жолы, Кутузов көшесін - Алтай, Колхознаяны - Берел, Первомайская көшесін - Алаш,  1 декабрь көшесін  - Самал,  Декабристов көшесін - Звёздная, Восход кентіндегі  Туктабаев көшесін  - Сонар атты тарихи есімге ауыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ Лениногорская көшесіне Кеңес одағының батыры Мұқатай Әбеуловтың, Социалистическая көшесіне қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек сіңірген мемлекеттік қайраткер Зарыкбек Кузетаевтың  атын беруді ономастикалық комиссия мүшелеріне ұсынып отырмыз. Егер қабылдаса, өзгереді», - деді  қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жыбраева.

Сонымен қатар, жиында қоғамдық кеңес мүшелері Фрунзе көшесіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Дәлелхан Сабуровтың есімін беруді ұсынды.


Ал бұған дейін қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне халықаралық спорт шебері,  қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру туралы ұсыныс жасаған. Республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен спорт мектебіне чемпионның есімі берілетін болды.