Бұл жайма базарда жеміс-жидек, ыдыс-аяқ, тіпті киім-кешекті де табуға болады. Десе де, сауда нүктесі заңсыз деп танылған. Сондықтан тәртіп сақшылары тауарларды жиып, жолды босатуды талап етуде.
Тұрсынғайша Күзембаева, саудагер:
-Бізге де күн көру керек. Қайыр тілеп жүргенімізді қалайды ма? 35 мың теңге зейнетақымды қай жағыма жеткіземін?!
Тәртіп сақшыларын көріп, заңсыз сатушыларға жақын маңдағы дүкендердің саудагерлері де жабыла кетті. Себебі, көшедегі тауарлардың бағасы біршама арзан. Сондықтан тұрғындар осы жерде сауда жасағанды жөн көреді.
Ольга Базарбаева, саудагер:
-Біз төлейміз, ИП ашамыз, орынға төлейміз. Бәрі құжаттар бар. Ал бұлар тұрады!
Тротуарды жаулаған саудагерлер бірнеше айыппұлдан төлеп үлгерген. Алайда сабақ болмағаны көрініп тұр. Нәпақасын осыдан айырып отырғандар бәрібір қайтып келерін полицейлер де білетінін жасырмады.
Мейірғазы Мәсәлімов, Семей қалалық ІІБ инспекторы:
-Базарда еш орын жоқ, орны қымбат арендасы деп айтып жатады. Оған қарамастан бізде ағарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта да жүргізіледі.
Алғашқыда 10 мың теңгеден айыппұл салған тәртіп сақшылары бұл жолы көлемін екі есеге арттырған. Олардың көзінше саудагерлер сөрелерді жинастырып, кеткендей болды. Алайда біраз уақыт өткен соң тротуардағы алыс-беріс қайта қызды. Демек, көше сатушылары үшін сауда үйінде жер жалдағаннан гөрі айыппұл төлеген тиімді болып тұр.
Loading...