Семейде оқушылардың тамақтан ұшынуына аспаз себеп болған

Әдеттегідей мектепке барып, аурухана төсегінен бір-ақ шыққан балалардың беті қазір бері қараған. Білім ошағындағы асханадан түстенген олардың жүрегі айнып, қызуы көтерілген еді. Қазір бүлдіршіндер болған оқиғаны баяндамақ түгілі, естеріне де түсіргісі келмейді.

Ішім өтті. Түнімен ұйықтай алмадым. Қалшылдап кеттім

Алғашында екі оқушы жансақтау бөліміне түскен. Қазір олар өзгелермен бірге жалпы палатада ем қабылдап жатыр.

Эльвира Исабаева, Семей қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы басшысының орынбасары:

-Балалардың жағдайы жақсы, жақсаруда. Түскен кездегі диагнозы жедел ішек инфекциясы. Бүгінгі күні бактериялдық зерттеу бойынша, балаларға сальмонеллезді инфекция деп тағайындалды

Оқушылар мен асханадан алынған сынамалар бір жұма бойы мұқият зерттелген. Сол арқылы балық котлеттері мен сәбіз салатынан инфекция табылыпты.

Бағлан Шегедеков, Семей қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы:

-Балаларға берілген тағамға салмонелла бактериясы аспаздардың бірінен түскен. Оның өзінде аурудың сыртқы белгілері болмаса да, дертті жұқтырушы болып саналады. Тексерудің қорытындысы қылмыстық іске қосылады.

Мектептегі асхана әлі құлыптаулы күйде. Тәртіп сақшылары оның басшысын тергеп жатыр.

-Қазір ауруханада әлі де 32 оқушы ем қабылдауда. Олар шамамен 2 жұмадан кейін дерттен толығымен айығуы тиіс. Ал тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының мамандары мектеп әкімшілігіне айыппұл салмақ. Тексеріс қорытындысына қарасақ, жауаптылар тамақтану мәселесін қадағалауда ағаттық жіберген екен.