Семейде Өзбекстан азаматы құлдықтан босатылды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жігіт осы жылдың сәуір айынан бері семейлік бір кәсіпкердің басыбайлы құлы болған. "Құл иеленуші" оны өзі салып жатқан нысандарда құрылыс жұмыстарын жүргізуге мәжбүрлеген.

Жәбірленушінің өзінің айтуынша, ол 2005-жылдың желтоқсан айынан бері Қазақстанда жүр. Алматыға тағы үш гастарбайтермен бірге жұмыс іздеп келген. Осы жылдың сәуір айында олар Семейлік бір жұмыс берушімен танысқан. Ол әлгілерге Алматының іргесіндегі бір жеке меншік үйді салып бітіруді ұсынған. Бірақ артынан әлгілерді Семейге алып кетеді. Жұмысшылардан құжаттарын тартып алған кәсіпкер оларды өзінің отбасы мен туыстарының жұмыстарын істетеді. Адамдарды ол қора-жайға орналастырып, алдына күзет қойып, жалақысын төлемей қояды. Кәсіпкер тіпті "өзі кепілге алған кісілерді" ұрып-соққан.

ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі Сіләмбек Кенебаевтың айтуынша, адамдарды құлдыққа алу оқиғасы "Мигрант" шұғыл-профилактикалық шарасының барысында анықталған. Гастарбайтерлердің бірі тәртіп сақшылары үйлерді аралап жүрген сәтте адамдардың дауысын естіп, айқайлап хабар берген. Басқа үш адам осы сәтте басқа нысанда болған. Қазір олардың жүрген жері анықталу үстінде.

Осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. Кәсіпкерден ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынды. Оның үстінен "адамдарды бас бостандығынан заңсыз айыру жөніндегі" бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл Семейде биыл анықталған осындай екінші оқиға.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті