Семейде прокуратура "Қазақстан темір жолы" бөлімшесінің тасымалдау бөлімінде заң бұзушылықтарды анықтады

"Семейдің көлік прокуратурасы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ бөлімшесінің тасымалдау бөлімінде сыбайлас жемқорлық туралы заңның бұзылуына жағдай жасайтын Қазақстан Республикасының "Теміржол көлігі туралы" заңының бұзылғанын анықтады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, бөлімде темір жол вагондарын бөлу мәселесі бойынша заңды тұлғалардың өтініштерінің тіркеуі жүргізілмейді.

Баспасөз қызметінің хабарлағанындай, бөлімге түскен өтініштердің тек 10 пайызы ғана тіркелген. Ал қалғандарына тіркеусіз, бөлім бастығының орынбасарының қарауымен, кезектің сақталмауымен рұқсат етілген. Қағаз жүзіндегі өтініш ұсынылмай жатып, вагондарды беру оқиғалары орын алған. Бір жабық вагон жеке тұлғаға өтінішсіз берілген.

"Вагондарды бөлу көбінесе бөлім басшылығымен емес, жүк жұмыстары жөніндегі бөлім бастығымен жүргізіледі. Олар тек өткен жылдың 15 қарашасы мен биылғы 31 қаңтардың аралығында жоспардан тыс 154 вагон бөлген. Осы әрекеті арқылы ол өз басшылығының құзырын алмастырды", - деп хабарлайды бақылау органының баспасөз қызметі.

Бөлімде сондай-ақ, жоспардан тыс вагондарды бөлу өтініштеріні қарау мерзімі жүйелі түрде бұзылып отырған. Мәселен, "Шығыс сусындары" ЖШС жоспардан тыс вагондарын бөлу мерзімі бұзылған. Ал осы уақыт ішінде басқа да ұйымдардың 50 өтініші қанағаттандырылған. Оның ішінде "Шығыс сусындары" ЖШС өтінішінен екі күн кейін келіп түскен "Аспара компаниясы" ЖШС қатарынан екі өтініші бар.

"Вагондарды бөлу жоспарлары бұзылған. Ал сол кезде жекелеген тұлғаларға жоспардан тыс өтініштер бойынша жүйелі түрде вагондар бөлініп келген. Мұндай жағдайлар саны бірнешеу ғана емес. Бұл жекелеген кәсіпорындардың мүдделеріне лобби жасалғанының дәлелі және сыбайлас жемқорлық туралы заңның бұзылуына жағдай жасайды", - деп есептейді прокуратура.

Тексеру нәтижесі бойынша Семейдің көлік прокуроры "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ жол бөлімінің директорының атына ұсыныс енгізілді. Ол бойынша лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.