Семейде қуған-сүргін құрбандарына арналған көрме өтті

Шара барысында келушілер назарына жазықсыздар жабылған лагерьлердегі заттар мен фотосуреттер қойылды. Мұнда ерекше орынды 30-шы жылдары қолданылған жазу машинасы алып отыр. Дәл осы құрылғымен зиялыларды ату, билікке жақпағанды қапасқа қамау туралы үкімдер басып шығарылған екен. Сондай-ақ, Спасскідегі азап лагерінен қалған оқшаулау сымдары да осы жерден табылды. Бас бостандығынан айрылғандарды бейнелейтін мүсіндер де жасалыпты. Тек беттің орнына айна қойылды. Осы арқылы ұйымдастырушылар келген адамдарды аласапыран заманға терең бойлатпақ болған.


Ажар Жандосова, көрме ұйымдастырушысы:

-Қазақстан аумағында азап лагерьлері көп болған. Оған Ресей, Украина сияқты елдерден адамдар әкелінді. Бүгінгі көрменің ерекшелігі – мұндағы барлық бұйымдар саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарының жеке қорынан алынды.