Түні бойы толассыз жауған жаңбырдан кейін Семейдегі мына бес қабатты үйдің құты қашқан. Шатырдан сорғалаған су қазірде 3-ші қабатына дейін жетіпті. Пәтерлерді жайлаған су, дәліздегі электр торабына да тиген.
Ал үйдің жоғары қабатында тұратын Дамира Жөндебаева су аққан жерге шелек қойып амалдауда. Түні бойы су тасып шаршаған ол мұндай жағдай осымен екінші жыл қайталанып отыр дейді.
Дамира Жөндебаева, Семей қаласының тұрғыны:
- Екі рет ауруханаға жатып шықтық ылғалдан! Білмеймін енді не істейтінімді! Балаға мында демалатын ауа жоқ! Терезе, есіктің бәрін ашам. Сонда да сырость даже бүктеліп тұрған киімдерді кию мүмкін емес!
Пәтерлерін су басқан тұрғындар қол қусырып отырған кооператив кінәлі деп отыр. Қанша шағымданғанымен, ешбірі құлақ аспапты.Ал жауаптылардың айтуы, мемлекеттік жаңарту бағдарламасынан бас тартқан тұрғындар өзінен көрсін дегенге саяды.
Бақыт Жақыпова, КСК өкілі:
- Мұндағы тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген ақшаны біз қалтаға салып аламыз деп ойлайды. Ол өтірік! Барлығы бір шешімге келіп, келісім бермесе, тесік астау құшақтаап қаламыз. Маған көмек көрсетудің орнына жұмысты тежеп отыр.
Синоптиктердің болжамына сенсек, Семейде жаңбырлы ауа райы әлі екі жұма сақталады. Бір ымыраға келе алмай жатқан бес қабатты үй тұрғындары болса, пәтерлері мүлдем адам тұруға жарамай қала ма деген үрейде.