Семейде шошқаны жақтырмаған жұрт оның қожайынымен қырқысып жүр

Мына фермадағы доңыз саны қазір шамамен 500-ге жеткен. Шошқаның қорадан шыққан қалдықтарын мұндағылар көше жағалай төге береді дейді тұрғындар.  

-Міне, шошқаның қалдығы. Қанша уақыт осының сасығын иіскеп жүрміз.

Жұрттың арызданып бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Алайда талпақ танаулардың қожайынын тезге салатын жан жоқ.

Мейрамгүл Жылқышина, Семей қаласының тұрғыны:

-Біз енді бәріміз СЭС-қа да жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Барлығын сатып алған сияқты. Әйтпесе, бәрін сасытып көшеге төгеді. Жазда отыра алмаймыз. Далаға шыға алмаймыз. Терезе, есік ашпаймыз.

Айғай-шусыз бір мәмілеге келмек болған тұрғындар шаруашылық иесімен тілдесіп те көрген. Бірақ айтқан сөзге құлақ аспақ түгілі өзімізді мазақ қылуға көшті дейді жұрт.

Жанар Қосетова, Семей қаласының тұрғыны:

-Неше жыл болды иесіне де айттық төкпе деп. Ол мен мына жаққа тыңайтқыш сеуіп жатырмын дейді. Таңғы сағат 4 кезінде елдер ұйықтап жатқанда төгеді. 

Қожалық иесімен сұхбаттасу мүмкін болмады. Үйінде болғанымен, ат шаптырым аумақты қоршаған темір қамалын ашпады. Ал ветеринарлар оның иелігіндегі доңыздарға уақытылы екпе жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты. Сондай-ақ, мал нәжісін тез арада тазалатуға уәде берді.


Қуаныш Серікбосынов, Семей қаласы ветеринарлық-фитосанитарлық қызметінің мал дәрігері:

- Осы азаматқа тақау арада нәжісін шығаруды ескертеміз. Айналасын таза ұстауға тырысамыз. Қайталанса әкімшілік жауапқа тартамыз.

Кәсіпкер кімге барып арыздансаңдар да ешкімді пысқырмаймын дейтін көрінеді. Қаптаған доңызды ауыл-аймақтан аластатпаса жұқпалы дерт тарайды деп алаңдаулы. Ал мамандар шошқаны қаланың қақ ортасында ұстаса да ешқандай шара қолдана алмаймыз дейді. Тек тазалық сақтаса болғаны. Сондықтан жұрттың бас ауруына айналған мәселенің жақын арада шешілетін түрі жоқ. 

Loading...