Семейде суға кете жаздаған оқушылар құтқарылды

-Ертістің осы тұсында 4 оқушы мұздың үстінде ойнаған. Ол жарылып кетіп, балаларды ағызып әкетіпті. Бірақ, құтқарушылар дер кезінде келіп, жеткіншектерді жағаға алып шыққан.

11-15 жас аралығындағы ойын балалары сабақтан шығып бірден Ертіске қарай бет алған. Бірақ сапарлары сәтсіздікке ұшырай жаздады.

Құтқарыңдар

Өзеннің келесі бір бөлігінде құтқарушылар мұздың астында қалған адамды алып шығудың әдіс-тәсілдерін пысықтап жатыр. Бұл араны жаттығуға әдейі таңдап алған. Мұзды ойып, қармақ салатындар көбіне осы жерде бас қосады. Ал көз алдында жантүршігерлік оқиға болып жатса да, бұл балықшылардың ешқайсысы өміріне алаңдап отырған жоқ.

Александр Письменов:

-Қорқатын ештеңе жоқ. Мұз әлі қатты. Беті ақтан жасыл түске ауыса бастағанда ғана қауіпті болады.

Бұл жолы құтқарушылар тәртіп сақшыларын да ерте келген. Бірақ, зейнеткерлер кетпек түгілі, тағы бір ай отыратындарын айтып, табандап тұрып алды. Судан құтқару қызметінің мамандары бұл ретте балықшылардан гөрі балаларға түсіндірген анағұрлым оңай екенін айтуда. Мұздың қалыңдығы 15 см-ден аспайтыны белгілі болса да, қарттардың қозғалатын түрі жоқ.


Қуанышбек Байтуғанов, Семей өңірлік судан құтқару қызметінің бастығы:

-Балықшылар деген тыңдамайды, мұз үстіне шығып алады да балық ұстайды, күні-түні! Мұз кез келген уақытта жылжып кетуі мүмкін. Балық ұстауға үйреніп алған халық қой. Олармен жұмыс істеу қиындау.

Құтқарушылар енді ескерту шараларын күнделікті өткізіп тұрмақшы. Бір айтары, мұздың үстіне жайғасқан балықшыларды жауапқа тарту мүмкін емес. Тек айналасын ластаса ғана айыппұл төлейді екен.