Семейде таныстардың көңілді отырысының соңы үй иелерінің өлімімен аяқталды


Мират Енікеев, Семей қалалық ІІБ мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы:

- Ер азаматты өлтіріп және де куәгерлерді қалдырмау үшін сол кісінің жолдасын да өлтірген. Мойнына пышақ салған.

Орда бұзар жастағы екі жігіт марқұмдардың жақсы танысы екен. Қонаққа келген бұлар үй иелерімен қосылып ащы судан біраз сімірген көрінеді. Арақтың қызуымен дастархандастар сөзге келіспей, арты жанжалға ұласқан. Ашуға булыққан қонақ жігіттердің бірі асүйдегі пышақты алып, шаңырақ иесін бауыздайды. Артынша, басқа бөлмеге тығылған әйелді де жайратып салған. Қолы қанға малынған қонақтар қылмысын жасыру үшін үйді өртемекке әрекеттеніпті. Ізі суымай ұсталған азаматтар бұрындары ұрлық жасағандары үшін істі болған екен. Енді ерлі-зайыптыларды өлтіргендері үшін 20 жылдан арқалауы мүмкін.