Семейде театр әртістері филормониямен қатар отыруға қарсы шықты

20 жылдық тарихы бар «Еураз-шоу» театрында қазір ән мен би туралы ойлауға мұрша жоқ. Себебі, жақында оны Семейдегі филармониямен біріктіру туралы шешім шығыпты. Өнер ұжымы болса, мұны біріктіру емес, мәдениет ошағын жабумен тең деп отыр.

Берік Омаров, «Еураз-шоу» әншісі:

-Кез келген өнер адамы үйде отырып, қарайып қалады. Жасы ұлғайғанда үлкен адамдарды көріп жүрмыіз, жүрегі ауырып, қайтып кетеді. Жастар сахнаға шықпай қалса, ертең өнерге өкпелейді, сосын өнер киесі ұрады!

Әкімдік театр ұжымына орналасқан ғимаратты босатуға 3 күн уақыт беріпті. Ал қойылымдарға қолданылған костюмдерді мүлдем тартып алмақ.

-Вот это ручная работа, вот мы ночами это шили. Сейчас это у нас забирают.

Әкімдіктің бұл әрекеті туралы естіген әртістердің алды жұмыстан кеткен. Олардың дені жастар. Театр басшысы бұрыңғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдына дейін барған екен. Сол жолы жаппаймыз деген әкімнің уәдесін де алыпты. Бірақ шенеуніктер сөзіне тұрмады деп отыр өнер ұжымының жетекшісі.


Ғибрат Азубаев, «Еураз-шоу» театрының директоры:

-Мен алдына жылап тұрып бардым! Мен бүгін де жылап жүрмін! Бір жұма болды, өмірім жоқ! Қазақстан гүлденген уақытта 5-6 театр аз болып па Семейге?! Ол қандай рухани орталық? Өнерсіз!

Кезінде қаланың мәдениет саласын басқарған, зейнеткер, мәдениеттанушы Құсмілия Нұрқасым да бұрынғы әріптестерінің әрекетін түсінбейді. Шенділер өнер ұжымдары арасында іріткі салып жүр деген пікірде.

Құсмілия Нұрқасым, Мәдениеттанушы:

-Билік өнерге қамқорлық жасауы керек. Өнерге жағдай жасау керек! Сапырыстырып, бір-бірімен сеңдей соғылып қоя ма? Өнер ұжымдары оған көп көне қоймайды. Менің қолымда билік бар екен деп мынадай өнерге, керемет дүниеге балта шабуда! Балта шабу, басқа емес!

-Облыстық мәдениет басқармасымен тілдесу мүмкін болмады. Шенеуніктерге сенуден қалған театр басшысы болса, енді облыстың жаңа әкімі Даниял Ахметовқа үміт артады. Өнер ұжымын ыдыраудан аман алып қалуға тек соның қауқары жетеді деп отыр.