"Кедергісіз театр" жобасының жүзеге асуына БҰҰ ұйытқы болды. Сахнаға мониторлар орнатылды, ал сахна сыртына тифлокомментаторларға арналған құрылғылар қойылды. "Алдағы уақытта барлық мерекелік іс-шаралар, концерттер, спектакльдер телевизиялық мониторлар арқылы ым-ишарат тілінде көрсетіледі", - деді Қазақстандағы БҰҰ жобасының менеджері Рауан Қалиев.
Таяуда мамандар бұл жобаның қалай жұмыс істейтінін сынап көрді. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" спектакліне есту қабілеті нашар балалар шақырылды. Балалар алғаш рет сахнада не туралы айтылып жатқанын түсініп, ерекше әсер алды. Семейде есту қабілеті нашар 2 мыңға жуық тұрғын бар. Сондай-ақ Қалиевтың айтуынша, "Кедергісіз театр" жобасының аясында Семейдегі драма театрдың мүгедек көрермендері үшін арнайы креслолар да қарастырылған, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.