Семейде тұрғындар заңсыз құрылысқа қарсылық ретінде қоршауды бұзды

Семейдің орталығындағы мына үйдің тұрғындарынан тағы тыныштық қашты. Бірнеше күн тоқтап қалған құрылысқа аяқ асты қайта жан бітіпті. Тіпті қарсылыққа қарамастан келе сала алаңқайдағы ағаштарды отап тастаған. Ашуға мінген жұрт ақыры қоршауды бұзды.

Жұмысшылармен жаға жыртысып жалыққан жұрт құрылысты мүлдем тоқтатуды талап етуде. Оларды сабырға шақыруға келген тәртіп сақшыларына ашулы адамдарды көріп, кері шегінуге тура келді.

 «Не кеп тұрсын?! Ей, кет! Мынаны сендер күзетулерің керек қой!»

Осыдан екі жұма бұрын көпқабатты үймен іргелес дүкеннің құрылысы басталғанда тұрғындар шу шығарған еді. Ол кезде шенеуніктер кәсіпкердің қолында барлық құжаттары бар деп ақталған болатын. Алайда, тексеріс жұмыстары аяқталғанға дейін құрылыс жүрмейді деп ант су ішкен. 


Төкен Ибрагимов, Семей қаласының тұрғыны:

-Бір ағашты кесу үшін рұқсат керек! Кімнен?! Қала әкімі шешпейді оны! Қала бізден сұрауы керек! Қала архитекторы мынадай жағдайға жіберуге хақысы жоқ! Оны соттау керек.

Ашуға мінген тұрғындар орнатылған бағаналарды бұзып, орнына көшет отырғызуға көшкен. Үй маңындағы алаңға көз салғандарды енді аттап бастырмақ емес. Тіпті кезекшілік жасауға да кірісіп кетті. Ал прокуратура өкілдері болса тексеру әлі аяқталмағанын айтады. Қандай да бір әрекет соның қорытындысына қарай қолға алынбақ.